Қостанайда есірткі жарнамаларын жою бойынша кезекті акция өтті
Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері еріктілермен және облыстық психикалық денсаулық орталығының өкілдерімен бірге есірткі жарнамасы бар суреттер мен граффити жазбаларды үстінен бояу бойынша кезекті акцияны өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірнеше сағат ішінде осындай 65 жазба және 100-ден астам граффити боялды. Облыстық ПД ЕҚҚІҚБ аға жедел уәкілі Айгүл Ерадилованың айтуынша, акция ауқымды болды, оны өңірдің қалалары мен аудандары да қолдады.
– Облыс орталығында бұл биыл өткізілген екінші акция. Қала тұрғындарының көмегімен белсенді жұмыстар жүргізілуде. Біздің азаматтар бұл мәселеге бей-жай қарамайды. Біз мұндай жазулар туралы хабарламаларды көп аламыз, – деді ол.
«Қостанайдың жас көшбасшылары» ҚҚ басшысы Гүлсім Бисембаева атап өткендей, есірткінің таралу проблемасын күш біріктіре отырып, бірлесіп шешуге болады.