Қостанайлық полицей Азия чемпионатында джиу-джитсудан күміс жүлдеге ие болды
Қостанайлық полицей Азия чемпионатында джиу-джитсудан күміс жүлдеге ие болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Джиу-джитсудан Азия чемпионаты 10-17 қыркүйек аралығында Абу-Даби қаласында (БАӘ) өтті. Чемпионатқа барлығы 19 елдің спортшылары қатысты. Қазақстан құрамасы сапында Қостанай облысынан бес спортшы қатысты, оның қатарында жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері Аманбек Жаманқараев бар.
62 келі салмақта күрескен полиция капитаны Өзбекстан, Иран елінен келген палуандарды жеңіп, екінші орынға тұрақтады.
– Чемпионатқа жан-жақты жақсы дайындықпен бардым. Негізі 1 орынға үміттенген едім. Алайда алған жарақатыма байланысты жарысты тоқтатуыма тура келді. Біздің спорттық жаттығуымыздың жоғары деңгейде жүргізілуіне бөлімше командирі Жәнібек Мұхамеджанов, взвод командирі Қуаныш Бабакаев үлкен үлес қосып келеді. Түрлі турнирлерде қол жеткізген жетістіктеріміз, алдымен, осы кісілердің еңбегі деп білемін, – дейді күміс медаль иегері.
Полиция қызметкері бұған дейін спорттың қоян-қолтық ұрыс, самбо, ММА, панкриатон түрлері бойынша түрлі спорт додаларында бағын сынап, түрлі жүлделерге ие болып келеді. Ал қараша айында қайтадан Абу-Дабиде өтетін Әлем чемпионатына аттанбақ. Сонымен қатар, ол жылдың соңында Украинаның Киев қаласында панкриатоннан өтетін Әлем чемпионатында да бағын сынамақшы.