Қоян-қолтық ұрыстан қола медальдар – СҚО полицейлерінде
СҚО ПД қызметкерлері тамыздың 24-27-сі аралығында Алматы қаласында өткен Қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан чемпионатынан қола жүлдеге ие болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция аға лейтенанты Еркебұлан Сәрсенбай 70 кг дейінгі салмақ категориясы бойынша үшінші орынды иеленді. Полиция лейтенанты Ердәулет Сайдоллаев 75 кг дейінгі салмақ категориясы бойынша дәл осындай нәтижеге қол жеткізді. Сайысқа облыс атынан қатысқан тағы бір спортшы – ҚР Ұлттық ұланы Әскери институтының курсанты 65 кг дейінгі салмақта бірінші орын алды. Спортшылар жарыстың жоғары деңгейде өткенін айтады. Еркебұлан үш кездесудің соңғысында ғана қарсыласына бір ұпай ұтылдым дейді.
– Кездесулердің барлығы тартысты болды, – дейді ол. – Жеңіс тұғырынан көріну үшін барымды салдым.
– Полицейлердің спорттық жарыстарға қатысуы – құқық сақшыларына дене бітімдерін қалыпта ұстауына жақсы мүмкіндік, – дейді СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев. – Спортшыларымыздың жетістіктері басқа қызметкерлерімізге жігер береді, үлгі болады және салауатты өмір салтын ұстануға ықпал етеді.