Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Қарағанды ​​академиясында үміткерлерді іріктеу қалай өтті

Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды ​​академиясында жаз сайын жауапты науқан: қабылдау комиссиясы өз жұмысын жүргізеді. 26 шілдеде Қарағанды ​​академиясында 2022 жылға үміткерлерді іріктеу аяқталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Наурыз айынан бастап академияға түскісі келетіндер тұрғылықты мекенжайлары бойынша Ішкі істер департаменттерінде тіркелді немесе академияның ресми сайтында тікелей қабылдау арқылы құжаттарын тапсырды.

Биылғы жылы бакалавриат бойынша 250 орынға Қазақстанның барлық өңірлерінен 1600-ге жуық үміткер болса, конкурстық іріктеудің соңғы кезеңіне қатысу үшін 516-сы ғана барлық кезеңдерден өтіп, далалық оқу-жаттығу лагеріне бақтарын сынауға келді. 10 күн бойы жас жігіттер мен қыздар оқу-жаттығу лагерінде нағыз емтихан тапсырды. Ең алдымен ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бағаланып, талапкерлер медициналық тексеруден өтіп, дене шынықтыру нормативтерін тапсырды.

Ішкі істер министрлігінің бакалавриат бағдарламасы бойынша полиция қызметкерлерін даярлайтын бірден-бір ведомстволық оқу орнына түсуге бәсекелестік жоғары, тек интеллектуалды дамыған, физиологиялық тұрғыдан мықты үміткерлер ғана түсе алады.

Сертификат пен ҰБТ ұпайларынан бөлек, талапкерлер жүгіру нормативтерін тапсырды, ұлдар биік белтемірге тартылды, ал қыздар белгілі бір уақыт ішінде пресс жаттығуларын орындады.

– Долинкадағы полигонда нормативтерді өте жақсы тапсырдым. Анам уайымдап хабарласатын. Барлығы әділ түрде өтті. Өзіміздің жетістіктерімізді көрсете алдық, – деді талапкер Мақсат Бурамбеков.

Академиялық адалдық, іріктеудің әділдігі және процестің ашықтығы – академияның болашақ курсанттарын іріктеу негізіне алынған басты қағидат болды. Сондықтан іріктеу кезеңдері Instagram әлеуметтік желісінде тікелей эфирде көрсетіліп, ата-аналар балаларының дайындық деңгейін бағалай алды.

– Instagram-да көрдім. Мақсаттың анасы кешке хабарласып, ертең эфир болатынын айтты. Таңертең сағат 5-те оянып, телефонды қарап отырдым. Алғысым шексіз. Әрі қарай жақсы жалғастырып кетеді деп ойлаймын, – деп бөлісті талапкердің әжесі Сәпен Жұмабаева.

Биылғы жылы пилоттық жоба ретінде тағы бір іріктеу кезеңі – эссе жазу және IQ-тесті енгізілді. Үміткерлер жазу сауаттылығын, оның логикалық жүйелілігін және ойлау деңгейін көрсетуі керек болды. Болашақ тергеушілер үшін бұл өте маңызды, өйткені тергелетін қылмыстық істің құрылымы мен сауаттылығы оның дұрыс тергеліп, қылмыстың ашылуына септігін тигізеді. Биыл бұл кезең жалпы есепте есепке алынбайды, бірақ келесі жылғы үміткерлер оған жақсы дайындалуы керек.

– Сіздердің міндеттеріңіз – оқу, өз-өздеріңізді дамыту, ата-аналарыңыздың үмітін ақтау. Осы күндері олар уайымдап, бірде-бір тікелей эфирді жібермей, сіздер үшін алаңдады. Сіздер олардың сенімдерін ақтауларыңыз керек. Естеріңізде болсын, курсант деген – полиция қызметкері. Әдеп, намыс, ізеттілік, жақсы тәрбие, білімге деген құштарлық, адамгершілік сияқты сөздер сіздерге бос сөз болмау керек. Қарағанды академиясының курсанты атану – сіздер үшін қуаныш қана емес, сонымен бірге аса жоғары жауапкершілік, – деп түйіндеді академия бастығы Ақынғали Дәрменов.

Оқу-жаттығу лагерінде болған 10 күн ішінде жігіттер мен қыздар айтарлықтай есейіп қалды: ата-аналары оларды оқу-жаттығу жиыны қақпасының сыртында шығарып салып, дайындықтан өткен, әскери пәрмендерді орындай алатын жастарды қарсы алды. Оқуға түскен талапкерлердің көбісінің ата-аналары қуаныштарырың көз жасын тыйа алмады. Бірақ ата-аналар қазір бұл олардың сүйікті балалары ғана емес – олар Қарағанды ​​полиция академиясының бірінші курс курсанттары және оларды 4 жыл қиын оқу күтіп тұрғанын түсінеді.

– Академияның басшылығына, министрімізге әділ тікелей эфирде баламыздың жетістіктерін көруге мүмкіндік бергендері үшін отбасымыздың атынан мың да бір алғыс айтамыз. Қарапайым отбасылардың балаларының түсіп кетуіне көп мүмкіндік жасады. Барлығы әділ жолмен өткеніне біз 100 пайыз сенімдіміз. Бұнын бәрін халық болып Қазақстанның түкпір-түкпірінен барлығы көрді. Осы әділдіктен таймасын дегіміз келеді, өйткені ол ең жоғары мүмкіндік. Балалардың оқуға түсіп, ертеңгі күні Қазақстанның адал қызмет ететін азаматтарының бірі болатынына мен сенімдімін. Сол үшін басшыларға мың алғыс. Басымызды иеміз, – деді Мақсаттың анасы Құралай Дайрамбекова.

Жауап қалдыру