ҚР ІІМ Қостанай академиясының факультет бастығы ақтөбелік оқушылармен кездесті
Шырақбек Қабылбаев атындағы ҚР ІІМ Қостанай академиясының факультет бастығы Сейлхан Жолдасқалиев Ақтөбе облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және полиция департаментінің кадр саясаты тобы қызметкерлері бірлесіп, Ақтөбе қаласының жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында Сейлхан Жолдасқалиев іс-шараға Ақтөбе қаласының 14 орта мектебінен қатысқан 300-ге жуық жоғары сынып оқушыларына ҚР ІІМ Қостанай академиясында жоғары білім алудың талаптары мен артықшылықтары жөнінде айтты.
– Мәселен, Сейлхан Жолдасқалиевтің айтуынша, академияда оқу кезінде әскери саптық оқу- жаттығудың дағдылары қатар жүретіндіктен, оқу орнын аяқтаған түлек әскерге шақыртылмайды. Сонымен қатар, академияда білім алған жылдар кейін еңбек өтілі болып есептелінеді, ал қызметке тұрғаннан кейін қызметкердің пәтері болмаса, ай сайын пәтарақы төленіп, ерте зейнеткерлікке шығу мүмкіндіктері қарастырылады, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.
Үгіт-насихат жұмыстарынан кейін оқушылардың барлық сұрақтарына жауап берген Сейлхан Жолдасқалиев ҚР ІІМ Қостанай академиясында жоғары білім алудың талаптары мен артықшылықтары туралы оқуға түсуге арналған толық ақпараты бар бүктемелерді таратты.