Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан жауынгерлері түзеу мекемелерінде 2 мыңға жуық телефон тәркіледі

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан жауынгерлері түзеу мекемелерінде екі мыңға жуық телефон тәркіледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының негізгі міндеттерінің бірі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдардың, сондай-ақ олардың аумағындағы азаматтардың мінез-құлқын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру және оларды айдауылдаумен алып жүру.

2024 жылы Ұлттық ұлан әскери қызметшілері жоғары кәсіби деңгейін көрсетіп, осы бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.

Түзеу мекемелерінде құқықтық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ұлттық ұланның бақылаушы құрамы әскери қызметшілерінің міндеттері аса маңызды. Олардың қызметі жауапкершіліктің жоғары деңгейін және күрделі әрі қауіпті жағдайларда міндеттерді орындауға әзірлікті талап етеді. Осылайша, олар түзеу мекемелерінің қызметкерлерімен бірлесіп, тінту іс-шаралары барысында 2 мыңға жуық телефондарды тәркіледі. Бұл құрылғылардың едәуір бөлігі телефондарды пайдалануға тыйым салынған жерлерде тәркіленді, бұл түзеу мекемелерінде күзет пен тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз. Бұдан басқа әскери қызметшілер қызмет атқару кезінде 839 SIM-карта, жалпы салмағы 2794,14 грамм есірткі, құрамында спирті бар 253,7 литр сұйықтық тәркіледі.

Ал жыл бойы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының айдауылды қамтамасыз ететін әскери қызметшілері сотталғандарды 9 жоспарлы және 23 автожол бағыты бойынша алып жүрді, одан бөлек 29 сот мекемесінде сот процестерін өткізуде өз септігін тигізді.

Сондай-ақ 2024 жылы айдауылдау қызметінің алдында су тасқыны кезеңінде сотталғандарды эвакуациялауға байланысты жаңа сын-қатерлер тұрды. Үйлесімді жұмыстың арқасында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері арасында 3 мыңнан астам сотталған көшірілді. Осы ретте өтпелі айдауылдау бойынша 51 міндет орындалды, бұл өткен жылдың ұқсас көрсеткіштерімен салыстырғанда он есе артық.

Осылайша, ұландықтар түзеу мекемелерінің қызметкерлерімен бірге бас бостандығынан айыру орындарында тәртіптің сақталуын және тыйым салынған заттардың таралуын болдырмауды, қадағалау мен бақылауды нығайтуды жалғастыруда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру