ҚР Президентінің кеңесшісі Павлодар облысының полиция департаментінде кездесу өткізді
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Павлодар облысының полиция департаментінде кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полиция департаментінде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Малик Отарбаев полиция қызметкерлерімен кездесу өткізді. Ол Мемлекет басшысының халыққа арнаған "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу" атты Жолдауында белгіленген негізгі міндеттерге тоқталып, негізгі салаларға цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізуге бағытталған кешенді реформаларды атап өтті.
– Президент үш жылдың ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру жөнінде өршіл мақсат қойды. Осыған байланысты бірыңғай цифрлық экожүйе құру бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде. Біз жасанды интеллекттің қарқынды дамуы адамдардың дүниетанымы мен мінез-құлқына, әсіресе жастарға қалай әсер етіп жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз. Бұл – баламасы жоқ үдеріс, ол әлемдік тәртіпті және бүкіл адамзаттың өмір салтын түбегейлі өзгертуде, – деп атап өтті Малик Отарбаев.
Оның айтуынша, Қазақстан бұл өзгерістерге дайын болуы тиіс. Сарапшылардың пікірінше, цифрландыру елдің жаңа ұлттық идеясына айналуда. Бүгінгі таңда Қазақстан цифрлық технологияларды қарқынды дамытып, жасанды интеллектті түрлі өмір салаларына енгізіп жатқан әлемдегі 20 елдің қатарына кіреді.
– Бұл – бүгінгі күннің шындығы. Бес жыл бұрынғы пандемия ауқымды трансформацияны бастады, ол әлі де жалғасуда. Жұмыс форматтары, ішкі үдерістер, басқару тәсілдері өзгеруде. Мемлекет басшысы цифрлық трансформацияның түпкі мақсат емес, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың, өмір сапасын жақсартудың және бәсекеге қабілеттілікті нығайтудың құралы екенін ерекше атап өтті. Осы тұрғыда стратегиялық міндеттердің бірі – Қазақстанды толыққанды цифрлық державаға айналдыру, – деді Президент кеңесшісі.
Кездесу барысында қатысушылар құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру, құқық бұзушылықтың алдын алу және заңға бағынушылық мәдениетін қалыптастыру мәселелерін талқылады.
— "Заң және тәртіп" қағидаты – ішкі істер органдары қызметінің негізі. Ол азаматтардың құқықтарын қорғауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Әркім түсінуі тиіс: кез келген құқық бұзушылық үшін жауапкершілік сөзсіз. Мемлекет басшысы жүктеген барлық тапсырмалар ерекше бақылауда және кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, — деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсеитов.
Болат Нұрсеитовтің айтуынша, "Қауіпсіз қала" жобасын іске асыру аясында Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында шамамен 5000 бейнебақылау камерасы мен 420 аппараттық-бағдарламалық кешен орнату жоспарланған. Аталған жүйе жасанды интеллект құралдарын қамтитын бейнеаналитикамен жабдықталады: іздеуде жүрген тұлғаларды тану, қалдырылған заттарды анықтау, рұқсатсыз адамдардың жиналуы, түтін, қоқыс және басқа да жағдайларды анықтау мүмкіндігі бар.