Құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар арасында өткен республикалық қоян-қолтық ұрыс чемпионатының жеңімпаздары марапатталды
Атырауда құқық қорғау органдары және басқа да арнайы құрылымдар қызметкерлері арасында «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының республикалық ІХ жазғы спартакиадасы, сондай-ақ қоян-қолтық ұрыстан ІІМ чемпионатының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жарыста еліміздегі барлық құқық қорғау және күштік құрылымдарының спортшылары, спартакиада чемпиондары мен жүлдегерлерінен құралған 23 команда өнер көрсетті.
Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев жүзден жүйрік шыққан спортшыларға арнайы марапаттарын табыстады.
Чемпионат қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар арасындағы додада бірінші орынды Ішкі істер министрлігінің командасы, екінші орынды Мемлекеттік күзет қызметінің командасы, үшінші орынды Ұлттық ұлан командасы иеленді.
Ал аумақтық департаменттер арасында бірінші орынды Атырау облысы Полиция департаменті, екінші орынды Қарағанды облысының Полиция департаменті, ал үшінші орынды Ақтөбе облысының Полиция департаменті қанжығалады.
Айта кетейік, спорттық жарыс 12-13 тамыз күндері «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтті.