Құқық қорғаушылар мен СҚО полицейлері арнайы мекемелердегі заңдылық туралы семинар өткізді
Құқық қорғаушылар мен СҚО полицейлері арнайы мекемелердегі заңдылық туралы семинар өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде заңдылықты сақтауға және бас бостандығынан айырылғандарды немесе құқық бұзушылық жасағандарды арнайы мекемелерде ұстау жағдайларын жақсартуға арналған семинар өтті. Талқылауға адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Жанат Жұмабаев, СҚО бойынша ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) қатысушылар тобының жетекшісі Олжас Ғаббасов және облыстық полицияның аумақтық бөліністерінің құрамындағы арнайы мекемелердің қызметкерлері қатысты.
Семинарды СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов ашты. Ол департамент басшылығының заңдылықты сақтаумен байланысты және жазаларын өтеп жүргендерді ұстау жағдайларын жақсартуға қатысты барлық мәселені бақылауда ұстайтынын атап өтті. Оларға техникалық жарақтандыру, медициналық қызмет көрсету және ұсталғандардың заңды құқықтарын сақтау кіреді. Тексерушілердің барлық ұсынымы ескеріледі, анықталған кемшіліктер кезең-кезеңімен жойылады.
Кездесу барысында 2024 жылғы жұмыс қорытындыланды, күдіктілер мен айыпталушылардың құқықтарын сақтау мәселелері, сондай-ақ материалдық-тұрмыстық және санитарлық жағдайларды жақсарту шаралары талқыланды. Олжас Ғаббасов ұсталғандарға уақтылы көмек көрсету үшін полицияның медициналық ұйымдармен тиімді өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
Семинар соңында құқық қорғау ұйымдарының өкілдері мен бірқатар полиция қызметкерлері адам құқықтарын қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлестері үшін грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.