Құқықтық сауат – қауіпсіз қоғамның негізі
Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы мектептердің жоғары сынып оқушылары үшін құқықтық бағыттағы маңызды кездесу өтті. Мектептің акт залында ұйымдастырылған жиынға оқушылар белсене қатысып, қоғам мен жастар өміріне қатысты өзекті мәселелер бойынша құнды мәліметтер алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазалы аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Ғанибек Құрманалиев, экстремизмге қарсы іс-қимыл тобының жедел уәкілі Құдайберген Тағыбергенұлы, криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Қанат Өмірзақ оқушыларға құқықтық тәртіпті сақтау, экстремизмнің алдын алу, қоғамдағы тәрбие мен қауіпсіздік, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың жолын кесу тақырыптарында мазмұнды түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жиын ашық диалог форматында өтті. Оқушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерінен нақты әрі тұшымды жауап алды. Бұл кездесу олардың құқықтық сауатын арттырып, азаматтық жауапкершілік пен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.