Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Құқықтық тәртіп: бейнебақылау камераларының көмегімен 125 қылмыс ашылды

ІІМ онлайн-брифингінде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы айтылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға 14 мыңға жуық полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшісі жұмылдырылды.

10 күн ішінде іздеуде жүрген 71 адам ұсталып, белгіленген тұрғылықты жеріне келмеген 24 сотталған азамат анықталды. Арнайы қабылдау-тарату орнына 661 адам орналастырылды. Олардың арасында белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар, құжаттары жоқ шетелдіктер бар.

Рейдтік іс-шаралар барысында тыйым салынған заттарды заңсыз сақтау мен алып жүрудің 362 фактісі анықталып, 92 кг есірткі, 35 атыс қаруы және 161 суық қару тәркіленді.

– Жол қозғалысын қадағалау кезінде жылдамдық режимін сақтамаудың 22 мың фактісі, қарсы жолаққа шығудың 337 фактісі тіркелді. Автокөлікті мас күйде басқарған 437 жүргізуші ұсталды. Жүргізуші куәлігінен айырылса да, көлік тізгіндеген 267 адам анықталды, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Бейнебақылау камераларының көмегімен 125 қылмыс ашылды.

– Көші-қон заңнамасының сақталуына бақылау күшейтілді. 29 мың жалдамалы пәтер, полиция есебінде тұрған, шартты түрде сотталған 74 мың адам тексерілді. Әкімшілік қадағалауды бұзудың 90 фактісі анықталды. Құқық бұзушылыққа қайта жол бергендер қамауға алынды. Қорғау нұсқамасына қарамастан отбасында зорлық-зомбылық жасаған 337 агрессор қамауға алынды, – деді спикер.

«Құқықтық тәртіп» іс-шарасы кезінде 61 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Қоғамдық тәртіпті бұзған 18 мың адам жауапқа тартылды. Уақытша бейімдеу орталықтары мен медициналық айықтырғыштарға 5 мың адам жеткізілді. Көшеде және ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта болған 7 мыңға жуық кәмелетке толмаған бала анықталды.

Темекі өнімдерін заңсыз тарату фактілерін анықтау бойынша рейдтер жүргізілді. Жекелеген қоғамдық орындарда темекі өнімдерін тұтынудың 1,5 мың фактісі тоқтатылды. Кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатудың 174 фактісі анықталды. 21 жасқа толмаған адамдарға темекі өнімдерін сатқан 186 кәсіпкер жауапқа тартылды. Шегілмейтін темекі өнімдерін сату мен таратудың 1,5 мыңнан астам фактісі тіркелді. Шегілмейтін темекі өнімдерін өндірген жасырын екі цех анықталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру