Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қылмыскердің қолынан қаза тапқан полицейдің жұбайы Түркістан облысы полицейлеріне алғысын білдірді

Қызмет бабында қаза тапқан, жасындай жарқ етіп, жұлдызы ерте сөнген полиция капитаны Рысбай Құдайбергеновтің артында бес баламен жалғыз қалған адал жары Дариға Құдайбергенова барша ТО ПД-нің қызметкерлеріне бейнежазба арқылы алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ол өз сөзінде: – Марқұм жұбайымның қарулас, қызметтес жолдарына үлкен рақмет. Үнемі бізді ұмытпай хабарласып, отбасымызбен байланыста болғандары үшін. Оның ішінде ПД мен Кентау ҚПБ-нің полицейлері әрбір мерекеде құттықтап келеді. Іс-шараларға арнайы қонақ ретінде шақырып тұрады. Ризамын. Осы орайда полиция қызметкерлерінің жұмысы түсіне білген адамға өте қиын екенін атап өткім келеді. Олар қоғам тыныштығын күзетіп, көше тәртібін қадағалайды. Полицейлер қауіпті жайттармен күнделікті бетпе-бет келеді. Түрлі қылмыстарды анықтап, болдырмау және қарулы қылмыскерлерды құрықтауда аянбай еңбек етеді. Осындай қауіп-қатерге толы ішкі істер саласында менің де жұбайым қызмет етіп, қапыда қаза тапты..
Ол қаралы күнді еске алу мен үшін оңай емес. 1984 жылдың 9 шілдесінде түнгі уақытта төбелес болған пәтерге барған ол, аса қауіпті қылмыскерлердің оғынан жараланып, бізбен қоштасып кете барды. Өкініштен өзегім өртеніп артында төрт қызыммен қалдым. Үш айдан соң дүниеге әке орнын басып, Арман атты ұлым келді. Қазаның орны толмаса да, өмірге келген ұл бала үмітімді қайта жалғады. Ал қызымның бірі Айгүл бүгінде әке жолын жалғастыруда, – деп өзінің шынайы, жүрекжарды пікірін білдірді.

Иә, ақжаулықты ана айтып отырған Рысбай Құдайбергенов «Совет милициясының үздігі», «Қылмысты іздестіру қызметінің таңдаулы инспекторы» белгілерін кеудесіне таққан тәртіп сақшысы. Ол 1949 жылы 22 мамырда Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, жолдамамен Кентау қалалық ішкі істер бөліміне учаскелік инспектор болып келеді. Тыңғылықты істерімен көзге түскен жігерлі жас, бір жылдан соң қылмысты іздестіру бөлімі бастығының орынбасары қызметіне көтеріледі.

Қазіргі таңда Кентау қаласында өмірден ерте кеткен ержүрек милиция капитаны Рысбай Құдайбергеновтың атына көше беріліп, ескерткіш тақта орнатылған. Бұл да болса, полицейдің өзгелерге үлгі боларлықтай ғұмыр кешкенінің дәлелі іспетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру