Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түрмеден босатылғандарға кризистік орталық ашуды ұсынды

Ақтөбеде түрмеден босатылғандарға кризистік орталық ашуды ұсынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің конференц-залында өңірдегі “Сенім тірек” қоғамдық бірлестігінің өкілдері “Бас бостандығынан айырылғандар мен бұрын сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу мақсатында іс-шаралар өткізy” тақырыбында департаменттің сотталғандар арасында әлеуметтік психологиялық және тәрбие жұмысы бөлімі тобымен кездесті. Іс-шараға ҚАЖ департаментінің пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің қызметкерлері де қатысты.

Бірінші болып сөз алған “Сенім тірек” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Кундолов, аталған орталық жұмысының маңыздылығына тоқтай келіп, түзеу мекемелерінен босаған сотталғандарға арналған кризистік орталық ашу жөніндегі ұсынысты жеткізді. Айтуынша, бұл орталық – түзеу мекемелерінен босап шыққан уақытта орналасатын тұрғылықты мекені жоқ сотталғандардың қоғамға бейімделгенге дейінгі алты ай мерзімде әлеуметтік – құқықтық көмектер алуын және тегін тұруын қамтамасыз етеді.

Ал, “Сенім тірек” қоғамдық бірлестігінің психолог маманы Ләйлім Бермағанбет, күні бүгінге дейін аталған қоғамдық бірлестік тарапынан Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/1, КА-168/2 және КА-168/3 мекемелеріндегі сотталғандармен бостандыққа шыққаннан кейінгі қоғамға әлеуметтік бейімделулеріне жағдай жасау тақырыбында әңгімелесулер жүргізілгенін, сол сияқты сотталғандармен әлеуметтік-құқықтық тұрғыда заң аясында кеңес беруге арналған кездесулер ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.

Басқосу соңында сөз алған сотталғандар арасында әлеуметтік психологиялық және тәрбие жұмысы бөлімі тобының бастығы Руслан Төлегенов, “Сенім тірек” қоғамдық бірлестігінің ұсынысын қолдады.

– “Сенім тірек” қоғамдық бірлестігімен екі жыл қатарынан әріптестікте жұмыстар атқарып келеміз. Жалпы, облыстық ішкі істер саясаты басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырмасын орындау мақсатында осындай қоғамдық бірлестіктердің түзеу мекемелеріндегі сотталғандарға жігер беруге, қоғамға бейімдеуге, сонымен қатар әлеуметтік-құқықтық көмектер беруде бірқатар маңызды іс-шаралар атқарып келетіні бізді қуантады. Осы орайда, Ақтөбе облысының әкімдігі мен облыстық ішкі саясат басқармасы басшылығына үлкен алғысымызды айтамыз, – деді Р.Төлегенов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру