Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Қазақ тілі менің бойыма полицияда жүріп сіңді”

Қазақ тілінде еркін сөйлейтін Виктор Те Атырау облысы Полиция департаментінің Штаб басқармасының аға инспекторы қызметін атқарады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырауда бір емес, бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Түрі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір, ұлты қазақ болмағанмен, қазақ тілінде сөйлеп, дәстүрімізді ұстап жүрген, өз орталарында сыйлы жандар аз емес.

Облыс полиция органдарында да орыс пен кәріс, татар мен өзбек, шешен мен даргин, т.б. ондаған ұлт өкілдері бар. Солардың бірі Полиция департаментінің Штаб басқармасының аға инспекторы Виктор Те.

Атырау қаласында дүниеге келіп, мектепті орысша бітірген. Бала кезінен полиция қызметкері болсам деген арманы оны Семей заң колледжіне оқуға түсірді. 2010 жылы оқуын бітіріп келген Викторды Индер ауданы полиция бөліміне жібереді.

– Тәлімгерім, аға учаскелік инспектор – Әсет Сапаров, мен – көмекші инспектормын. Ол орысша, мен қазақ тілінде түсінбейміз. Бірақ қасынан қалдырмайды. Түскен арыз-шағым, өтініш, отбасылық жанжал бойынша үйлерге барып, тұрғындармен әңгімелесулер өткіземіз. Сөйлесетін Әсет, мен қасында тұрам. Содан алты ай ішінде өзім де қазақша түсініп, аздап сөйлей бастадым. Маған қазақ тілін бойыма сіңіріп, үйреткен – қызметім, – дейді Виктор. – Индер ауданында екі жыл учаскелік инспектор болып жасағанның арқасында қазақ тілін жетік меңгердім десем артық болмас.  2012 жылы Атырау қаласына ауыстырды, #5 учаскелік полиция бекетінде учаскелік инспектор болып алты жыл жасадым. 2019 жылдан Департаменттің Штаб басқармасының талдау, жоспарлау тобының инспекторымын.

Полиция майорының әріптестерімен қызмет барысында тек мемлекеттік тілде сөйлеседі.

– Үйреніп кеттім, қазақ тілі ұнайды, отбасымда жолдасым Виктория – кәріс қызы, әзірге қазақшасы “шамалы”, бірақ ынтасы бар. Қазақстан – менің Отаным! Өйткені, Атырауда туып, осында өстім, ұлдарым Андрей мен Артур мектепте, аулада достарымен орысша-қазақша сөйлеседі. – Қазақ тілін біліп, үйрену үшін ең алдымен ниет болуы керек, – дейді қазақ тілін жетік меңгерген полицей Виктор.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру