«Қылмысты ашу мүмкін еместей көрінді»: кентаулық полицейлер пәтер ұрлығын ашты
Кентау тұрғыны пәтер ұрлығын ашқан полицейлерге алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің атына Кентау қаласының 57 жастағы тұрғынынан криминалдық полиция қызметкерлеріне қатысты алғыс хат пен бейнежазба келіп түсті. Яғни, қала тұрғыны Кентау ҚПБ-нің полицейлеріне қызметтік міндеттерін адал атқарғаны мен өзіне қатысты жасалған қылмысты жедел ашқаны үшін риясыз алғысын білдірген.
Нақтырақ айтсақ, әйел өз жазбасында 2 наурызда үйінде ұрлық қылмысы болғанын көрсеткен. Яғни, белгісіз біреулер оның үйін тонап, алтын әшекейлерін ұрлап кеткен. Жәбірленуші әйелге жарты млн теңге көлемінде шығын келген.
– Отбасымыз үшін үлкен шығын болды. Алайда оқиға болған сәтте мен полицияның көмегіне жүгінбедім. Өйткені бұл қылмысты ашу маған мүмкін еместей көрінді. Бірақ 25 наурызда екі полиция қызметкері менің үйіме келіп, «жақын арада үйімде ұрлық болды ма?» деп сұрады. Бұл сауал мені қатты таң қалдырды, өйткені күйеуім екеуміз ешкімге арызданбаған едік. Десек те, өз қызметін мінсіз атқарған полиция қызметкерлері ұрыларды ұстағанын айтты. Осы орайда Кентау ҚПБ криминалдық полициясы бөлімшесінің жедел уәкілдері Ерсунақ Раманқұлов пен Әсет Бекмұратовқа шын жүректен алғыс айтқымыз келеді. Бұл екі жас қызметкер қылмысты жедел ашып, кінәлілерді ұстады. Кентау қаласының полициясында осындай жас та болса, өздерінің кәсіби шеберлігімен, білім-біліктілігі, ержүректілігімен елге танылған қызметкерлер жұмыс істейтініне қуаныштымыз. Отанымыздың игілігі үшін, тұрғындардың одан әрі тыныш өмір сүру үшін осылай аянбай қызмет ете беріңіздер. Ерсунақ Раманқұловқа және Әсет Бекмұратовқа тағы да шын жүректен алғысымды білдіремін! Бұл қызметкерлер барлық марапатқа лайық, – дейді тұрғын өз жазбасында аналық ақ тілегін жаудырып.
Белгілі болғандай, Кентау ҚПБ-нің криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде, бұрын сотты болған екі жергілікті тұрғынды ұстаған. Күдіктілер Кентау қаласында жасалған екі пәтер ұрлығына қатысы бар болып шықты. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 3.5 миллин теңге.
Ал Түркістан облысы ПД-нің басшылығы тұрғындардың полиция қызметкерлерінің жұмысы туралы пікірін жоғары бағалап, тәртіп сақшыларының қызметіне ризашылығын білдірді.