Қырағы ақтөбеліктің арқасында автобуста ұрлық жасаған адам ұсталды
Қырағы ақтөбеліктің арқасында автобуста ұрлық жасаған адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 сәуірде Ақтөбеде №11 қалалық бағыттағы автобуспен келе жатқан қала тұрғыны Жандос Утепбергенов қалта ұрлығының куәсі болған. Бейтаныс ер адам аялдамалардың бірінде автобустан түскелі жатқан егде жастағы жолаушының қалтасынан телефонын байқатпай алып, дереу түсіп кеткен. Мұны көрген Нұрбол автобустан шығып, дереу ұрының артынан жүгірген. Сол уақыт аралығында ол полицияның «102» нөмірін теріп, ұрыны Тұрғындар қалашығы базары аумағында ұстап алған.
Оқиға орнына жылдам жеткен патрульдік полиция жасағы күдіктіні полиция бөліміне жеткізді. Ол бұрын осындай қылмысы үшін сотталған 45 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Күдікті кінәсін мойындады. Одан жәбірленушіге тиесілі iPhone 11 телефоны тәркіленіп, Нұрболға шексіз риза болған телефонның иесіне қайтарылды.
– 16 сәуірде Астана ауданы №1 қалалық полиция бөлімінің бастығы Махамбет Садықов бөтеннің қайғысына бейжай қарамайтын адал, әрі батыл азамат – Жандос Утепбергеновпен арнайы кездесіп, алғысхат табыстады. Сіздің қырағылығыңыз бен батылдығыңыздың арқасында қылмыстың жолы кесілді, ұры «ізін суытпай» ұсталды. Сіздің азаматтығыңыз – бәріне үлгі, сіздей құқық бұзушылыққа бейжай қарамайтын жандардың арқасында қаламызда тәртіп күшейе беретіні сөзсіз, – деді М.Садықов өзінің құттықтау сөзінде.