Қырағы учаскелік полиция инспекторының әрекеті туралы WhatsApp-тан белгілі болды
СҚО-да қырағы учаскелік полиция инспекторының әрекеті туралы WhatsApp-тан белгілі болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылжар ауданында WhatsApp мессенджерінің қолданушылары арасында учаскелік полиция инспекторына риза болған ауыл тұрғынының хабарламасы тараған. Әжейге қаладан жақындары қонаққа келген, түнде моншадан өрт шыққан екен.
– Өртті учаскелік полиция инспекторы Азамат Сәкенұлы байқаған, бірден көмекке келді, ұйықтап жатқан отбасыны оятып, өрт сөндірушілерді шақырған және жалынды ауыздықтауға көмектескен. Көмегіңізге алғысымызды білдіреміз, – деп алғыс білдіріпті полицейге риза болған жандар.
Полиция қызметкері Азамат Қадыров моншаның өртеніп жатқанын 28 сәуірге қараған түні сағат түнгі үште байқаған. Моншаның шатыры жанған. Қақпаның ашық қалғаны полицей үшін бұл жағдайда қуантарлықтай болды. Қырағы полицей шырт ұйқыда жатқан отбасыны оятып, «101» нөміріне қоңырау шалған және үй иесінің ұлымен бірге өртті сөндіруге кіріскен. Осы кезде көмекке көрші үйде тұратын екінші ұлы келген. Монша үйден бөлек тұрған, алайда өрт қора-қопсыға ауып кетуі мүмкін еді. Ер адамдар қауіпті сейілтіп, 13 минуттың ішінде өрт сөндірушілер келген.
Азамат Қадыров учаскелік полиция инспекторы қызметіне өткен жылы келген. Осы қысқа мерзім ішінде ол бірнеше рет өртке кезіккен.
– Вагулино, Виноградовка ауылдарында өрт болған, онда қорадағы мал өртеніп кеткен еді. Бұл ауылдық жерде жиі орын алатын мәселе. Өрт сөндірушілермен бірлесе, адамдарға жадынамаларды таратып, пешті пайдаланған кезде сақтық шараларын сақтау қажеттігі туралы ескерттік. Барша тұрғындарды аса сақ болып, отты қараусыз қалдырмауға шақырамыз, моншада отын жанып болғаннан кейін қалған шоқты сөндіріңіздер, өздеріңізге және жақындарыңызға сақ болыңыздар, – дейді ол.