Қызметтік ит шекарадан есірткі алып өтпек болған шетелдікті ұстады
Түркістан облысында қызметтік ит шекарадан есірткі алып өтпек болған шетелдікті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Сарыағаш АПБ-ға Жібек жолы шекара бақылау бекетінен хабарлама келіп түсті.
Онда Линда атты қызметтік ит Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына өтіп бара жатқан Opel Agila маркалы автокөлікті көріп, үріп белгі береді.
Содан полицейлер күдік тудырған көлікті байқап, бірден тоқтатып тексереді. Нәтижесінде автокөлік капотының ішінен қағазға оралған есірткіге ұқсас зат табылады. Ол көлік жүргізушісіне тиесілі зат болып шықты. Сараптама оның гашиш есірткісі екенін растады.
Сондай-ақ, орта жастағы азаматтың Қырғызстан елінің тұрғыны екені анықталды. Қазіргі таңда күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.