Қызметтік иттер – балалардың досы: кинологтар орталығына ерекше қонақтар келді
Абай облысы ПД-нің кинологиялық қызмет орталығында ерекше кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мұнда есту қабілеті төмен балаларға арналған интернат тәрбиеленушілері үшін нағыз мереке ұйымдастырылды. Шараның басты кейіпкерлері – қызметтік иттер болды.
Төрт аяқты полицейлер шартты бұзушыны ұстау, бұйрықтарды орындау және іздестіру элементтерін көрсетті. Балалар көздерінен қуаныш ұшқындап, тамашалаған көріністерден ерекше әсер алды. Кейін олар қызметтік иттермен етене араласып, мейіріммен құшақтап, суретке түсті.
— Олар естімесе де, жүрекпен сезеді. Бүгінгі күн – дыбыссыз эмоция сыйлауға арналған, — дейді кинологтар.
Мұндай шаралар полиция иттерінің жұмысын таныстырып қана қоймай, сенім мен мейірімділікке, түсіністікке жол ашады — үнсіз де ұғынықты.