Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облыстық ПД басшылығы алаяқтан сақ болуға шақырады

21 шілдеде Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұловтың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Брифинг барысында Ілияс Жұмағұлов Қызылорда облысы Полиция департаментімен интернет-алаяқтыққа қарсы жүргізіліп жатқан шаралар туралы кеңінен айтып өтті. Осы жылдың 6 айында алаяқтық дерегі бойынша 560 дерек тіркеліп, оның 441-і ғаламтор желісінде болған қылмысты құрайды. Әлем бойынша заманауи техникалық құралдар қарқынды дамып, азаматтар жаппай интернет желісін кеңінен пайдалануға көшкен уақытта, оны теріс мақсатта пайдаланатындардың қатары өсіп, нәтижесінде онымен байланысты қылмыс саны артып келеді.

Қылмыскерлер азаматтардың ақшалай қаражатын жымқырудың түрлі жаңа әдіс-тәсілдерін қолдануда. Әсіресе, олар әлеуметтік желілердің мүмкіндігін ұтымды пайдаланып отыр. Әдетте алаяқтар жалған интернет хабарландырулар орналастыру, интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу, жаңадан пайда болған қолма-қол ақшаға айырбастау, тауарлық несие рәсімдеу тәсілдерін кеңінен қолдануда.

Алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында халық көп шоғырланатын базар аумақтарында, ірі сауда орталықтарының алдында және қалалық демалыс паркінде халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылды. Қала, аудан орталықтарында көлемді баннерлер орналастырылды.

– Тұрғындарға сақтық шаралары ретінде жеке деректерді, өзіне тиесілі пластикалық карталардың мәліметтерін, SMS-кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар мен күмәнді сілтемелер арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, телефон және компьютерге TeamViewer, AnyDesk немесе RustDesk, Remote Desktop деп аталатын арнайы бағдарламаларды орнатпауға шақырамын. Өткен аптада “Kaspi жұма 0-0-24” акциясы болған кезде “обналичка жасап беремін” деп алаяқтар тауарлық несие рәсімдеп, кейіннен ақша қаражаттарын аудармағаны жөнінде арыздар тіркелді. Алдағы уақытта қала тұрғындарға мұндай жарнамаларға жүгінбеуді сұраймын, – деді департамент бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов.

Қазіргі таңда ғаламтор желісі арқылы жасалған қылмыстарды болдырмау және ашу бағытында Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының бұйырығымен тұрақты (2 жедел уәкіл және 3 тергеуші, 1 криминалисттен құралған) “Киберпол” жедел тергеу тобы құрылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру