Қызылорда облысы ПД бастығының орынбасары жеке құраммен кездесті
Қызылорда облысытық полиция департаменті бастығының орынбасары Амиржан Утегенов Қызылорда қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барасында маңызды мәселелер қаралды.
Мемлекет басшысы 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын бекітті. 2023 жылы оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында құқық қорғау органдарында парасаттылыққа тексеруді немесе Integrity check енгізілгені белгілі. Бұл ретте Амиржан Утегенов полиция қызметкерлерін парасаттылыққа тексерудің пилоттық жобасын түсіндіріп, кеңінен айтып өтті. Яғни, өңір полицейлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы беріктігі тексеріледі.
А.Утегенов тәртіп сақшыларының қатарындағы сыбайлас жемқорлықты жою – қазіргі полицияның негізгі міндеттерінің бірі екендігін басып айтты. Кездесу барысында қызметкерлердің сыртқы түрі, яғни нысандық киімі, материалдық-техникалық жарақтандырылуы, жұмыс тәртібі, автокөліктерді мақсатты пайдалануы сынды мәселелер айтылды.
– Полиция – күнделікті халықпен тығыз қарым-қатынаста қызмет атқарып, қоғамдық тәртіпті қырағылықпен қадағалайды. Халықпен тығыз байланыста жұмыс атқаратындықтан полиция қызметкерлерінің сыртқы келбеті мен нысандық киім кию үлгісінің талапқа сай болуы өте маңызды. Яғни, полиция қызметкерлерінің тек кәсіби біліктілігі ғана емес, олардың сыртқы келбеті, тазалығы мен ұқыпты болуы назарға алынады. Қызметкерлердің жинақы және ұқыпты сырт келбеті азаматтардың полицияға деген сенімінің артуына, полицияның оң имиджінің қалыптасуына тікелей ықпал тигізеді. Полицейлер қызмет бабында салғырттық танытпауы тиіс. Сондықтан да әділеттілік, қызметке адалдық, жауапкершілік, кәсіби біліктілік – әрбір полиция қызметкерінің ұстанымы болуы тиіс, – деді департаменті бастығының орынбасары Амиржан Утегенов.
Жалпы, Қызылорда облысының Полиция департаментімен жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты нығайту мақсатында тұрақты түрде жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізіліп келеді.
Өз кезегінде департамент бастығының орынбасары жеке құрам арасында заңдылық пен қызметтік тәртіптің сақталуына тиісті бақылауды жүзеге асыруды, ұжымдағы моральдық-психологиялық климатты дұрыс қамтамасыз етуді тапсырды.