Қызылорда облысында 1,3 млн теңгенің жылқысын ұрлаған екеу ұсталды
Қызылорда облысында 1,3 млн теңгенің жылқысын ұрлаған екеу ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің Шиелі аудандық полиция бөліміне екі бірдей аудан тұрғыны арызданған. Олардың айтуынша, ақпан айының 9-нан 10-на қараған түні белгісіз біреулер мал қораларынан екі бас жылқысын ұрлап кеткен.
Жәбірленушілерге жалпы келтірілген шығын 1,3 млн теңгені құрады.
Жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдіктілер – екі аудан тұрғыны анықталып, құрықталды. Қазіргі таңда олар уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.
Аталған деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 3-бөлігінің 2-тармағына сәйкес (Мал ұрлығы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.