Қызылорда облысында мас жүргізуші УҰИ-ға қамалды
Қызылорда облысында мас жүргізуші УҰИ-ға қамалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысының тұрғыны 2018 жылдың 22 сәуірінде бес жылға жүргізуші куәлігінен айырылған. Сөйте тұра, көлік құралын мас күйінде қайта басқарған.
Қызылорда облысы Полиция департаменті Қазалы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен рейдтік жұмыстар барысында аудандағы көпір үстінде жол жүрісі қағидаларын бұзған жеңіл көлік тоқтатылды. Құжаттарын тексеру барысында мас жүргізуші бұрын сот шешімімен куәлігінен айырылғаны анықталды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, 34 жастағы жүргізуші «орта дәрежелі» алкогольдік масаң күйінде автокөлік басқарған. Құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалып, автокөлік айып алаңына қойылды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен ( Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.