Қызылорда облысында өрісте жүрген 2 сиырды сойып алып кетпек болған ұрылар қылмыс үстінде қолға түсті
Қызылорда облысында өрісте жүрген екі сиырды сойып алып кетпек болған ұрылар қылмыс үстінде ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылы 23 қазан күні Тартоғай, Майлытоғай, Сұлутөбе ауылдарын аралау барысында қызылордалық полицейлер «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тасжолының №16 бекет тұсында жолдан шамамен 300-400 метр қашықтықта автокөліктің жүрген жарығын байқап, мылтықтың даусын естіген. Полиция қызметкерлері дереу сол бағытқа қарай жол тартып, оқиға орнында екі азаматтың жеңіл автокөлікке бөлшектелген мал еттерін тиеп жатқанын байқайды. Бұдан бөлек, сол жерде мылтықпен атылған сиырдың өлі денесі жатқан.
Күдіктілер оқиға орнында құрықталды. Олар 31 жастағы облыс тұрғындары болып шықты.
Тексеру барысында сойылған екі бас сиырдың көрші ауылдың тұрғынына тиесілі екендігі анықталып, оның бұл оқиғадан бейхабар екені белгілі болды.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 2-бөлігі 1-тармағымен (Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасалған мал ұрлығы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Қазіргі таңда күдіктілер Шиелі аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Күдіктілердің басқа да мал ұрлықтарына қатыстылығы тексерілуде.
Мал ұрлығының алдын алу бағытында Қызылорда облысы ПД-нің Шиелі аудандық полиция бөлімімен арнайы мобильдік топтар құрылып, олардың жүру бағыттары нақты белгіленіп, бірнеше айдан бері мал ұрлығына қатысты ауданның қауіпті әкімшілік аймақтарына шолу жүргізу арқылы нәтижелі жұмыстар атқарылуда.
Құрылған мобильдік топтармен түн мезгілінде аймақтарды аралау кезінде құжатсыз мал тасымалдау, заңсыз аңшылық және ішкі істер органдарында тіркелмеген қарулармен аң аулаудың деректері анықталуда.