Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында ПД бастығы І тоқсанда атқарылған жұмысты қорытындылады

Қызылорда облысының бас полицейі бірінші тоқсанда атқарылған жұмысты қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы ПД бастығы Серік Ергешов жедел кеңес өткізіп, 2025 жылдың І тоқсанын қорытындылады. Жиынға департамент бастығының орынбасарлары, басқарма, қала, аудан полиция бөлімдері басшылары және жеке құрам қатысты.

Жиында жыл басынан ішкі істер органдары атқарған жұмыстың қорытындылары қаралды. Атқарылған жұмыс нәтижесінде құқық бұзушылықтар, оның ішінде қылмыстар, ауыр санаттағы қылмыс түрлері, бөтен мүлікті ұрлау, телефон ұрлығының және мал ұрлығының тіркелуі төмендеді.

Қабылданған профилактикалық шаралардың нәтижесінде қоғамдық орындарда, көшелерде саласында жасалған қылмыстардың саны азайды. Бүгінгі департамент бастығының төрағалығымен өткен кеңесте атқарылған жедел қызметтік жұмыстың қорытындысы мен жеке құрам арасындағы тәртіптің, заңдылықтың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жай-күйі талқыланды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы мен ішкі істер министрінің қылмысқа қарсы күрес бойынша берілген тапсырмалары да кеңінен түсіндірілді.

Жедел кеңес барысында біраз сын айтылып, түйткілді мәселелер тілге тиек етілді.

- Жеке құрам арасындағы Заң мен тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттердің алдын алу, анықтау жұмыстары ерекше назарда. Күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес. Сыбайлас жемқорлықтың туындауына ықпал ететін себептерді анықтау және жою үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасауға баса назар аударылып отыр. Қазіргі қазақстандық полицияның өзекті міндеті қолжетімділік пен ашықтықты арттырып, тұрғындармен кері байланыс орнату. Полицияның ашықтығы сыбайлас жемқорлықпен күресте негізгі қағидаттардың бірі болып отыр. Ең бастысы, қабылданған шаралардың нәтижесінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстарға жол берілген жоқ, - деді департамент бастығы.

Кеңес барысында ПД бастығы “Заң және Тәртіп” қағидатын орнықтыру, кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік жағдайын қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарға жіті тоқталды. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, жол қауіпсіздігі, есірткі қылмысы, экстремизмге қарсы іс-қимыл жұмыстары, алаяқтық, киберқылмысқа қарсы күрес бағытындағы шараларына тоқталды.

Жалпы, қазіргі уақытта жол қауіпсіздігі өзекті мәселелердің бірі. Талдау көрсеткендей, көлік оқиғаларының басты себебі жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығу, автокөлікті мас күйде басқару. Полиция департаментімен жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында оңды шаралар қолға алынып отыр.

Өңірде жыл басынан жол қозғалысын бұзудың 58 мың дерегі анықталып, автокөлікті мас күйде басқарған 188 жүргізуші ұсталып, көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды. Жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында күнделікті талдаумен осал жерлер нарядпен тығыздалды. Тұрақты және үздіксіз жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, жүргізілуде.
Осы ретте департамент бастығы тиісті қызмет басшыларына жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.

- Мемлекет басшысы “Заң және Тәртіп” қағидатын қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Қоғамда әділдік пен тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан халыққа адал қызмет ету, азаматтардың өтініштеріне уақытылы және сапалы жауап беру, құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру, олардың заңды мүдделерін қорғау және құқықтық тәртіпті сақтауға біз міндеттіміз. Ел тыныштығын қамтамасыз ету бағытында жаңа мақсаттар мен оң нәтижелерге қол жеткізу жолдарын бірлесе қарастыруымыз керек, - деді С.Ергешов.

Кеңес қорытындысы бойынша департамент бастығы Серік Ергешов жедел-қызметтік жұмыстарды қорытындылап, алдағы уақытта бұл жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша нақты шараларды белгіледі. Цифрлық технологиялар мен бейнебақылау мүмкіндіктерін белсенді пайдалануды; қылмыстарды, оның ішінде бұрын жасалғандарды ашу сапасын күшейтуді; жеке құрам арасында заң мен тәртіпке ерекше назар аударуды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру