Қызылорда облысында пробация есебіндегі сотталғандармен кездесу өтті
Қызылорда облысында пробация есебіндегі сотталғандармен кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №37 мекемесінің мәжіліс залында қайта құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу бойынша пробация есебінде тұрған азаматтармен кездесу өтті. Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Ж.Әбдіқайыровтың төрағалығымен өткен шараға Қызылорда облыстық прокуратурасының үкімдердің орындалуын қадағалау басқармасының бастығы Әбіләзім Асхат, басқарма прокуроры Баттал Жарылқасын, қалалық пробация қызметінің қызметкерлері және пробация есебінде тұрған азаматтар қатысты.
Жиынды ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Ж.Әбдіқайыров ашып, пробация есебіндегі азаматтарға қайта қылмыс жасамауға, сотпен жүктелген міндеттерді орындауға, белгіленген бақылау тәртібін бұзбауға және отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласында әкімшілік және құқық бұзушылықтар жасамауға шақырды. Сондай-ақ, есептегі сотталғандардың жұмыспен қамтылу, қоғамға, отбасына пайда келтірер іспен айналысуға үндеді. Оларды өмірге қайта бейімдеу мақсатында пробация қызметкерлері тарапынан өткізілетін іс-шараларға белсене ат салысып, дүниелік танымдарын арттыру мақсатында әдеби және танымдық бағыттағы шығармалар оқу керектігі жайлы да айтып өтті.
Мұнан соң ҚАЖ департаментінің пробация қызметтеріне басшылық жасау тобының бас маманы Ғ.Құлманов аудандық және қалалық пробация есебіндегі сотталғандармен қылмыстық құқық бұзушылықтықтардың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Қазіргі таңда аудандық және қалалық пробация қызметінің есебінде мыңнан аса сотталған есепте тұр. Жыл басынан 26 сотталған сот жүктеген міндеттерді орындамай, жаза өтеуден жалтарғаны үшін жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығына айыру жазасына ауыстырылып, жазасын түзеу мекемесіне өтеуге жіберілді. Есептегі азаматтармен тоқсан сайын кездесулер өткізіліп, құқықтық профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, – деді Ғаламат Құлманов.
Жиын барысында басқарма бастығы А.Әбіләзім пробация есебінде тұрған азаматтар тарапынан қайта жасалынып жатқан құқық бұзушылық пен қылмыстардың саны азаймай отырғаны айтылып, екінші рет құқық бұзушылық пен қылмысқа барған азаматтарға тағайындалатын жазалардың тым ауыр болатындығын түсіндірді. Сотталғандарға жаза өтеу барысында пробация қызметімен белгіленген тәртіппен сот жүктеген міндеттерді сақтауға, қылмыстық құқық бұзушылыққа жол бермей, ҚР Қылмыстық-атқару, Қылмыстық кодексінің заңды талаптарын орындауға шақырды. Жиын соңында пробация есебінде тұрған азаматтарға қайта қылмыс жасап түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген сотталғандар туралы бейнеролик көрсетілді. Сотталған азаматтар тарапынан қойылған сұрақтарға сала мамандары заң шеңберінде тиісті жауаптар берді.