Қызылорда облысында қаруды сақтау ережесін бұзған адамдар жауапқа тартылды
Қызылорда облысында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында қару сақтау ережесін бұзған 48 азаматқа әкімшілік шара көрілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы көлемінде 2-6 наурыз аралығында заңсыз айналымнан атыс қаруын тәркілеуге, ұрланған және жоғалған қаруды іздестіруге, атыс қарумен жасалатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Аталған іс-шара барысында 128 рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, 3187 қару иелері, шалғайда орналасқан 539 шаруа қожалықтары, 46 заңды тұлға және 5 қару сатумен айналысатын арнайы дүкендер тексерілді.
Іс-шара нәтижесі бойынша заңсыз айналымнан барлығы 22 қару тәркіленді, оның 21-і тегіс ұңғылы (3 шолақ мылтық), бір данасы иір ойықты қару және иір ойықты қарулардың 137 оғы тәркіленді.
Атап айтқанда, атыс қаруын заңсыз сақтаудың 10 дерегі, сондай-ақ қару сақтау ережелерін бұзған 48 тұлғаға, қаруды тіркеу ережелерін бұзған 2 тұлғаға әкімшілік шара көрілді.
Алдағы уақытта да атыс қаруын қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу, заңсыз айналымдағы қару-жарақтарды анықтау бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.