Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында қызметкерлер тыл ардагерін мерекемен құттықтады

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Қызылорда облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері тыл ардагері Нурсейтова Сәния әжейді құттықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Жеңіс мерекесі Нурсейтовтер үшін ерекше мейрам. Үйдің қариясы Сәния әжей үшін Ұлыстың ұлы күні кеудеге сыймас қуанышы мен жүрек сыздатар естеліктерімен қатар жүретін мереке. Бесіктен белі шықпаған бала кезінен тылда еңбек етіп, фронтта жүрген солдаттарға астық жеткізілуіне тікелей атсалысқан ол бүгінде 90-ға келіп қалған батыр ана. Ақ жаулықты қария 8 баланы дүниеге әкеліп, ҚР-ның Президенті қолынан “Алтын алқа” алған.

​— Соғыс аяқ асты басталып кетті. Ол кезде кішкентай бала едік. Ауылымыздың ер азаматтарының барлығы майданға аттанды. Тек көз жасымызды тия алмай қариялар мен әйел, бала-шаға қалдық. Жасымызға қарамай тізеден келетін мұздай суды жалаң аяқ кешіп жүріп күріш ектік, масақ тердік, астықты жинап, буып-түйіп фронтқа аттандырдық. Соғыстың жай-күйі туралы әжелерімізден біліп отыратынбыз. Әрбір хабарды жүрегіміз сыздап, жыламсырап тыңдап отырушы едік, — дейді әжей.

​Ойын баласы таң атып кеш батқанға дейін ауыр жұмыс істеп, ерте есейген. Қан майдан көптеген жандардың өмірін қиғаны сөзсіз. Сәния әжейдің қос ағасы да іс-түссіз жоғалған еді. Ал әкесі бір қолы жараланып, еңбекке жарамсыз күйде оралды. Бірақ, соғыста әбден жігерленіп, денедегі жарақаттарына қарамастан, өмірінің соңына дейін өз ауылының поштасында адал қызметін атқарған.

​Өмірлік қосағынан жастай қалған Сәния әжей 25 жыл бойы ауылда қой бағып, зейнеткерлікке шыққан. 2 ұл, 6 қызға жақсы тәлім-тәрбие беріп, оқытып, бір-бір мамандық иесі болуларына тікелей атсалысты.

Полиция қызметкерлері қарт ананы Жеңіс мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін білдіріп, сыйлықтарын табыстады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру