Қызылорда облысында сотталған ер адам отбасын құрды
Қызылорда облысында сотталған ер адам отбасын құрды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ЗК-169/1 тергеу изоляторындағы ҚР ҚК-нің 106-бабының 2-бөлігінің 5-7-тармағы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) бойынша бес жылға бас бостандығынан айырылған 1992 жылғы Т. есімді ер азамат отбасын құрды.
Мекеме заңгері А. Әлназаров екі тараптың өтініші бойынша барлық құжаттарды жинақтап, АХАЖ бөліміне жолдаған болатын. Уақыт мерзімі келгенде тиісті қызметкерлер келіп, екі азаматқа неке куәлігін тапсырды.
– Жүрек кімді қаласа, сол сүйікті демекші, мен жігітімнің сотталғанына қарамастан некелестім. Екеуміз жұмыс барысында таныстық. Ол мен жұмыс жасайтын мекемеде монтаж жұмыстарын жасап жүрген. Анамның үйінде құрылыс жүріп жатқандықтан, телефон нөмірін жазып алған болатынмын. Керек уақытында шақыртып едім, аталған мекенжайға лезде келді. Аз уақытта жұмысын ұқыпты етіп аяқтады. Сол жұмысшылардың арасында осы бір ұзын бойлы жігіт сымбатттылығымен, әзілкештігімен көңілімді баурап алды. Екеуміз танысып, білісіп үйленеміз деп жүргенде, күтпеген жерден қылмыскер атанды. Содан 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Қиын шақта жігітімді қолдау мақсатында некеге тұрып, ара қатынасымызды заңдастырдық, – дейді С. есімді 36 жастағы есепші келіншек.