Қызылорда облысында сотталғандар арасында спорттық іс-шара өткізілді
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мемлекеттік мекемесінде мекеме бастығы Мақсұт Өтетлеуовтің ұйымдастыруымен сотталғандар арасында наурызнама онкүндігіне орай спорттық іс-шара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Осы атаулы күнге орай ;азасын өтеуші азаматтар арқан тарту, қол күресі, асық ату ойындары бойынша сайысқа түсті.
– Ұлттық спорт күніне орай жазасын өтеушілер арасында ұлттық спорт түрлерін дәріптеп, оларды қоғамға қайта бейімдеу мақсатында спорттық жарыс ұйымдастырдық. Қазіргі кезде дәстүрлі спорт түрлеріне деген ықылас сотталғандар арасында ғана емес, қызметкерлер арасында да артып келеді. Бұл да заңдылық, себебі ежелден келе жатқан ұлттық спорт түрлерімен айналысқанда біз ата-бабаларымыздың даналығы мен сұлулығын паш ететін мәдени құбылыс тудырамыз. Сотталған азаматтарға мұндай шараны ұйымдастыру – бізде ғаламдық деңгейде мақтан тұтатын мұра бар екенін түйсініп, мықты рух пен ерік-жігер тұрғысынан үлгі тұтатын бабаларымызды еске түсіруге себеп, – деді мекеме бастығы Мақсұт Өтетлеуов.
Жеңімпаздар арасында топ жарып, жақсы нәтиже көрсеткен қатысушылар марапатталып, ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді.
– Мен бұл мекемеге тергеу изоляторынан жақында келдім. Аз уақыт ішінде теологиялық, идеологиялық және психологиялық дәрістермен қатар осындай іс-шараларға белсене қатысып келемін. Қателеспейтін пенде болмайды, алайда бізді қателесті екен деп сыртқа теппей, керісінше бізге қамқорлық танытып жатқан мекеме ұжымына алғысымды білдіремін, – деді жүлделі І орынды жеңіп алған М.есімді жазасын өтеуші азамат.