Қызылорда облысында тіркелмеген қару алып жүрген тұрғын анықталды
Қызылорда облысында тіркелмеген қару алып жүрген тұрғын анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 желтоқсан күні 12:30 шамасында Қызылорда облысы Полиция департаментінің Қармақшы аудандық полиция бөлімінің Табиғатты қорғау полиция тобының инспекторы қызмет атқару барысында ауданның 48 жастағы тұрғынын далалық жерде тоқтатқан. Тексеру кезінде тұрғынның бір ұңғылы, 16 калибрлі, ішкі істер органдарында тіркелмеген аңшы мылтығын алып жүргені анықталды.
Мылтық айғақ зат ретінде алынып, Қызылорда облысы Полиция департаментінің жедел-криминалистикалық бөліміне зерттеуге жіберілді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 482-бабымен (Iшкi iстер органдарында тiркелмеген тегiс ұңғылы, газды қару мен олардың патрондарын, сол сияқты электрлі қаруды, үрлемелi қуаты 7,5 Джоульдан жоғары, калибрi 4,5 миллиметрден асатын пневматикалық қаруды заңсыз иеленіп алу, беру, өткiзу, сақтау, алып жүру, тасымалдау) әкімшілік хаттама рәсімделіп, сотқа жолданады.