Қызылорда облысында тұрғыннан 1 млн тенгенің затын алдап алған әйел ұсталды
Қызылорда облысында тұрғыннан бір миллион тенгенің затын алдап алған алаяқ әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің Шиелі ауданы полиция бөліміне жергілікті тұрғын алаяқтық дерегі бойынша арыз түсірген.
2021 жылдың ақпан айында кенттегі сауда орталығынан бір әйел сеніміне кіріп, тоңын және алтын алқасын қарызға алып, бір миллион теңге ақшасын беруге уәде берген. Көп ұзамай жәбірленуші ақшасын беруді талап етеді, бірақ ешқандай нәтиже болмайды.
Аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде көршілес аудан тұрғыны анықталып, ұсталды. Күдіктіге қатысты «ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы» қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігі (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.