Қызылорда облысында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр
Кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мен жолын кесу, балалардың құқығын қорғау мақсатында 7-9 маусым күндері аралығында облыс аумағында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараға ювеналды инспекторлармен қатар, криминалдық полиция, есірткіге қарсы күрес бөліністерінің қызметкерлері, сондай-ақ білім беру ұйымдарының өкілдері жұмылдырылды.
«Жасөспірім» жедел-профилактикалық шарасы барысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасында қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау шараларымен қатар, профилактикалық жұмыстарды, олардың құқығын қорғау жұмыстарын да ауқымды түрде жүргізеді.
Шара барысында жасөспірімдерді қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жасауға тартқан, кәмелетке толмағандарға алкогольдік сусындар мен темекі өнімдерін сатқан, ата-аналық міндеттерін орындамайтын ересектерді анықтауға ерекше назар аударылатын болады.
Жыл басынан бері облыс бойынша құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасағаны үшін ішкі істер органдарына 3011 кәмелетке толмаған жеткізілді, балалардың түнгі мезгілде заңды өкілінсіз үй-жайдан тыс болуына жол бергені үшін 2268 ата-ана, балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 109 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.