Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысының бас полицейі ел намысын қорғаған үздік спортшыларды марапаттады  

Қызылорда облысының бас полицейі ел намысын қорғаған үздік спортшыларды марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Спорт – полицейлердің кәсіби қызметінің маңызды бөлігі. Ол ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдына қойылған міндеттерін мүлтіксіз орындауға және жұмысқа деген жоғары қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік береді. Осыны ескере отырып, Қызылорда облысы полиция департаментімен дене шынықтыру және спортқа ерекше көңіл бөлінеді.

Бүгінгі күні Қызылорда облысының полиция департаментінде спорттық түрлі дәрежелері бар 126 қызметкер еңбек етеді. Олардың ішінде 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 15 спорт шебері және спорт шеберіне үміткер 106 қызметкер бар. Қызметімен қатар спортты кәсіби деңгейде алып жүрген полицейлердің әрқайсысы құрметке лайық.

Осы орайда бүгін Қызылорда облысының полиция департаментінде салтанатты іс-шара өтті. Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов бастамасымен өткен салтанатты шарада үздік атанған мықты спортшы полицейлер марапат төрінен көрінді. Департамент бастығы ел намысын қорғап, көк туымызды көкке көтерген спортшылармен кездесіп, сый-құрмет көрсетті.

– Қымбатты ардагерлер! Құрметті  әріптестер! 2023 жыл – спорт саласында біз үшін үлкен жетістіктерге қол жеткізген нәтижелі жыл болды. Қандай спорт түрі болсын халқымыз қайсарлық пен жігерлігімен көзге түсіп, сан сайыста жеңіс тұғырынан көрінеді. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, Әнұранымызды өзге ұлт өкілдеріне тыңдатқан спортшыларымыздың қатары өз арамызда да аз емес. Жалпы, біздің қатарымызда түрлі спорттық дәрежелері бар 126 қызметкер еңбек етеді. Бүгінгі күні полиция департаменті және «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының Қызылорда облыстық филиалы тарапынан спортшыларымыздың жоғарғы спорттық шеберліктерін шыңдауға барлық жағдай жасалған. Қызмет пен спортты қатар алып жүрген әріптестеріміз қандай да болсын марапатқа лайық және қызметке жаңадан қабылданып жатқан жас мамандарымызға үлгі болуы қажет. Бұл чемпиондарымызға алдағы уақытта да үлкен жетістіктер, төзімділік пен жеңіске деген ерік-жігер тілеймін! Жаңа жыл қарсаңында отбасыларыңызға ырыс-несібе, дендеріңізге саулық, қызметтеріңізге абырой, толағай табыстар мен жаңа жеңістер тілеймін. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!, – деп лебізін білдірді департамент бастығы.

Салтанатты шара барысында департамент бастығы әлемдік және республикалық ареналарда еліміздің және полицияның намысын қорғап, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, көк туымызды көтеріп, әнұранымызды ойнатқан спортшыларды арнайы атап өтті. Олардың қатарында самбо күресі бойынша әлем және Азия чемпионы Ержан Абдуллаев, самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Арайлым Оразбай, грепплингтен және самбо күресінен әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Ғайни Нұрмахан, жекпе-жектен әлем және Азия чемпионы Асқар Қоңқабаев пен Нұршат Аманқосов, республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы Нұрбол Сқақов, жекпе-жектен ТМД чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, қоян-қолтық ұрыстан  Еуропа чемпионы Алтынбек Тұрмаханов, Орал қаласында республикалық деңгейде өткен «Президенттік көп сайыс» чемпионатында 1-орын иеленген Жақапбаев Абзал бар.

Сондай-ақ Қызылорда қаласында Жауынгерлік атудан өткен республика чемпионатында жүлделі 2-орын алған Исатай Абылайхан және осы чемпионатта жүлделі 3-орын алған Руслан Даврушов пен Дариға Мажитованы ерекше атап өтті.

Спортшылардың құрметіне ұйымдастырылған салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.  Әсем ән, күмбірлеген күй орындалып, көрерменді ерекше әсерге бөледі. Жеңіс тұғырынан көрінген полицейлерге бағалы сыйлықтар табысталды. Бұған қоса, Қызылорда облысы филиалының ДШСҚ «Динамо » төрағасының орынбасары Миралиев Қуандық үздік спортшыларға арнайы естелік сыйлықтарын ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру