Қызылорда облысының бас полицейі өңірдегі криминогендік жағдай туралы айтып берді
Қызылорда облысының бас полицейі өңірдегі криминогендік жағдай туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы елімізде «Заң және тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полиция айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет екеніне тоқталып, Заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты деп құқық қорғау органдарына құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне баса мән беруді міндеттеді.
Осы ретте, Қызылорда облысының полиция департаменті қызметкерлері Мемлекет басшысымен алға қойған міндеттердің, министр тапсырмаларының сапалы орындалуына, елімізде заң үстемдігі мен әділдікті сақтауда нақты нәтижелерге қол жеткізу мақсатында тиісті шараларды іске асырып жатыр.
Жалпы, бүгінгі күні өңірдегі жедел жағдай тұрақты. Қоғамдық орындар мен көпқабатты үйлердің ауласында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтіліп, полиция қызметкерлері тек қызметтік автокөліктермен ғана емес, күнделікті жаяу бағытқа бөлініп, белгіленген орындарды жаяу аралайды.
Қылмысқа қарсы күрес және құқық тәртібін қамтамасыз ету ісінде оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. 2024 жылдың 8 ай қорытындысы бойынша құқық бұзушылықтар 6%-ға, оның ішінде қылмыстар 11%-ға, ауыр санаттағы қылмыс түрлері 12%-ға төмендеді. 10 мың тұрғынға шаққандағы құқық бұзушылық деңгейі 5,8%-ға азайды. Айта кетейік, Қызылорда облысы республика бойынша ең қауіпсіз аймақтардың біріне жатады. Қылмыстың өсуіне жол бермеу және алдын алу мақсатында жаяу нарядтардың тығыздылығы көбейтілді. Криминогенді аймақтарға локалды жедел шаралар жүргізілді.
Қылмысты болдырмау бағытында жыл басынан «Есептегі адам», «Тұрмыс», «Есептегі элемент», «Квадрат», «Көрші бақылауы», «Учаске», «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» жедел-профилактикалық іс-шаралары және «Аула ішінде қабылдау» акциясы өткізілді.
«2024-2026 жылдарға арналған ұрлықтарға қарсы іс-қимыл» бағдарламасы негізінде бірқатар тиісті профилактикалық шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысының тіркелуі 27%-ға азайып, ауыр түрлерінің ашылуы 18,8%-ға жақсарды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қылмысқа бейім тұлғаларды қалыпты өмірге қайта бейімдеу мақсатында бұрын сотты болған 201 тұлға тұрақты жұмыспен қамтылып, 93 тұлға түрлі кәсіптік оқу курстарына қабылданды.
– Бүгінгі күні Мемлекет басшысының “Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм” атты Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларын іске асыру бағытында кешенді жоспарларды орындауға кірістік. Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру – басты мақсатымыз. Қызметімізге жаңа серпін берілді. Алдымызда ел қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етудің зор жауапкершілігі тұр. Өңіріміздегі қылмыс санының азайғаны қызметкерлеріміздің елдік мүдде жолында аянбай еңбек етуінің нәтижесі деп білемін. Себебі біздің қатарымызда қызметінің қыр-сырын жетік меңгеріп, адамдық болмысымен қызмет етіп жүрген кәсіби, батыл мамандар аз емес, – деді Махсудхан Аблазимов.