Қызылорда облысының полицейлері тас жолда қалып қойған жүргізушіге көмектесті
Алматы облысының тұрғыны күйеуіне көмек көрсеткен полицейлерге алғысын білдірді. Бұл туралы Polisia.kz бағдарламасының кезекті шығарылымында айтылды.
Алматы облысының тұрғыны Зүлфия Қағазбаева Ішкі істер министрінің атына алғыс хат жолдады. Онда хат иесі Қызылорда облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жолда қиын жағдайға тап болған күйеуіне көмек көрсеткені туралы жазған.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының инспекторлары Нұрмұханмед Мусалимов пен Сейіт Қайрат патрульдеу бағытында жүріп, «Самара – Шымкент» трассасының 1688 шақырымында жол жиегінде «HOWO» жүк көлігінің тоқтап тұрғанын көрген. Тексеру барысында автокөліктің Ақтөбе қаласынан Алматы қаласына қарай шыққандығы анықталған. Бірақ көліктің жолда бұзылуына байланысты жүргізуші мен оның серіктесі жолда қалып қоюға мәжбүр болған.
Полиция қызметкерлері ойланбастан жүргізуші мен оның серіктесіне автокөлікті ІІІ Интернационал елді мекенінің жанындағы «Ақсарай» кешеніне эвакуациялауға көмектесті. Сол жерде оларға тамақ жеткізіп берген.
Өз кезегінде жүргізуші мен оның серіктесі полиция қызметкерлеріне көрсеткен көмегі үшін алғыс айтып, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Нұрмұханмед Мусалимов ішкі істер органдарында 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. Жұбайы Раиса Нұрпеисовамен екі бала тәрбиелеуде.
Сейіт Қайрат ішкі істер органдарында 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Жұбайы Тоты Сәрсенбаевамен үш бала тәрбиелеуде.
Ауа-райының тұрақсыздығына байланысты Қызылорда облысының Полиция департаменті жүргізушілерге барынша мұқият болуды ескертеді. Ұзақ сапарға шығар алдында автокөліктің техникалық жағдайын тексеруді, оқыс оқиғалар орын алған жағдайда шұғыл қызметтерге немесе полицияға қоңырау шалуды сұрайды.