Қызылорда облысының полицейлері тұрғынға ұрланған велосипедін тауып берді
Қызылорда облысының полицейлері тұрғынға ұрланған велосипедін тауып берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Шиелі ауданының 38 жастағы тұрғыны аудан орталығындағы шаштараздың алдына велосипедін қойып, шашын алдыруға кіріп кеткен. Сәлден соң есік алдына шыққанда велосипедінің жоғын көріп, полицияға телефон шалған. Келтірілген шығын - 20 мың теңгедей.
Жәбірленушінің сипаттамасы мен велосипедтің түрін ой елегінен өткізген жедел уәкілдер іздестіруге кіріседі.
Шиелі АПб КПб жедел уәкілдері полиция капитандары А. Изимбетов, Ж. Жұптыбаев, полиция лейтенанты М. Бауыржан және полиция майоры Е. Исмайлов аулаларды, іргелес аймақтарды шарлай жүріп, велосипедтің ізіне түседі. Жедел уәкілдер күдіктіні ұстап, велосипедті қайдан, кімнен алғанын сұрастырып, велосипед туралы жәбірленушіге хабарласып, көрсеткенде велосипед иесі өзінің мүлкін таныған.
Осылайша ұрланған велосипед иесіне қайтарылды. Велосипед иесі бөлімнің жедел уәкілдеріне ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.