Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысының полиция департаментінде ашық есік күні өтті

Қызылорда облысының полиция департаментінде ашық есік күні өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара полиция қызметінің ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз ете отырып, бұқара халықпен жақындастыруға, ішкі істер органдарының қызметін дәріптеп, Отанға қызмет етемін дейтін жастардың қатарын көбейтуге бағытталған.​ Аталмыш шараға студенттер мен мектеп оқушылары қатысты. Олар үшін полиция қызметкерлері департамент мұражайына және жедел басқару орталығына танымдық экскурсия ұйымдастырды.

Департамент тарихы, мәдениет, спорт саласындағы жетістіктері, қызметтік міндеттерін өтеу барысында қайтыс болған қызметкерлердің, ішкі істер органдары ардагерлерінің өмірінен сыр шертетін экспонаттармен, фотостендтермен, құнды кітаптармен таныстырып өтті. Бұдан кейін студенттер мен оқушылар құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтайтын бейнекамералар орналасқан жедел басқару орталығының ғимаратына барды. Қала өмірін, тыныс-тіршілігін көгілдір экраннан көрген жасөспірімдер таңданыстарын білдірді.

Бұдан бөлек, полиция қызметкерлерінің қолданыстағы қару-жарақтары, техникалық құралдары, қызметтік кабинеттері таныстырылды. Іс-шараға қатысқан 100-ден астам оқушы мен студент өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

– Бүгін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің және Болашақ университетінің студенттері мен мектеп оқушылары полиция қызметінің бір күндік тыныс-тіршілігімен етене танысып, қызықтады. Жиналған жастар жедел басқару орталығына барып, полиция департаментінің музейін аралады. Сондай-ақ кинологиялық орталық қызметкерлерінің әдіс-тәсілдерін тамашалады. Бұл шара студенттер мен оқушыларға тәртіп сақшыларының күнделікті қиын да қызық жұмысын жақынырақ тануға мүмкіндік берді, – дейді Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Амиржан Утегенов.

Аталмыш акция 22 қыркүйекке дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру