Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматылық жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру полицейлердің басты назарында

Алматылық жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру полицейлердің басты назарында, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді шараларының бірі – кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Бүкіл оқу жылы бойына бекітілген кестеге сәйкес білім беру ұйымдарының оқушыларымен кездесулер, балаларға жолда, үйде, қоғамдық орындарда, әлеуметтік желілерде бейтаныс адамдармен сөйлескен кездегі қауіпсіздіктің негізгі ережелерін үйрету мақсатында дәрістер мен әңгімелер өткізіледі.

– Сонымен қатар ата-аналармен кездесулер жүйелі түрде өткізіліп, олардың бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілікті арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өйткені, құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін негізгі себептер мен жағдайлардың бірі – ата-ана тарапынан балалардың өмір салты мен іс-әрекетіне тиісті бақылаудың болмауы және олардың тәрбиелік міндеттерін тиісінше орындамауы. Сондай-ақ тұрғындар арасында балалардың құқықтарын бұзу, зорлық-зомбылық көрсету, оларға қатыгездік көрсету деректері бойынша азаматтарды уәкілетті органдарға хабарлауға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанова.

Сонымен қатар полицейлер ПИК, білім және денсаулық сақтау органдарымен бірлесе отырып, қолайсыз отбасыларды анықтау және оларды ІІО-ға профилактикалық есепке алу жұмыстарын ұйымдастырды. Мұндай отбасылардағы жағдайды жақсарту, олардың өмір салтын бақылау, психологиялық ахуалын зерделеу және балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында оларға қатысты материалдар комиссия отырыстарында қаралады.

– Жалпы, мұндай отбасыларда тұратын кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында заңда көзделген барлық мүмкіндіктер қолданылады. Сонымен қатар қазіргі заманғы балалар ақпараттық өрісте өсіп келе жатқанын, олардың өзіндік әлемі қалыптасып жатқанын атап өткен жөн. Интернет жасөспірімдердің өмірінде үлкен орын алады, олар сол жерден жағымды және жағымсыз ақпаратты алады. Кейбір сайттар арқылы тікелей немесе жанама түрде қатыгездік, аутодеструктивті іс-әрекет және басқа да жағымсыз ақпараттарды насихаттайтын әлеуметтік желілер өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізуде. Осыған орай, полиция қызметкерлерімен мұндай ресурстарға тосқауыл қою, олардың қатысушылары болып табылатын кәмелетке толмағандарды анықтау, оларға дер кезінде жан-жақты көмек көрсету үшін мониторинг жүргізіп жатыр, – деді Жанна Шонжанова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру