Қызылорда облысының тұрғыны танысының атынан заңсыз несие рәсімдеп алған
Қызылорда облысының тұрғыны танысының атынан заңсыз несие рәсімдеп алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жалағаш аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне аудан тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, өткен жылдың желтоқсан айында танысы ұялы телефонын сұрап алып, ақпараттық жүйе арқылы 495 мың теңге онлайн несие рәсімдеп алған.
Күдіктіні анықтау мақсатында полиция қызметкерлері қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде, ауыл тұрғыны ұсталды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігі 4-тармағы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.
Еске сала кетейік, осы жылдың үш айында Қызылорда облысы бойынша 64 азамат осындай алаяқтарға алданған.