Қызылорда полицейлері заңсыз алкоголь саудасының жолын кесуде
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары алкогольдік өнімдерді заңсыз сату деректерін анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізуді жалғастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алкогольдік өнімдерді сату бойынша талаптардың күшейтілгеніне қарамастан кәсіпкерлер тарапынан алкогольдік өнімдерді заңсыз сату деректері азаяр емес.
Рейдтік іс-шаралар барысында кәсіпкерлер тарапынан қолданыстағы заңнамамен тыйым салынған уақытта азаматтарға және кәмелетке толмағандарға спирттік ішімдіктер сату деректері анықталуда.
Профилактикалық рейдтер барысында белгіленген уақыттан тыс мезгілде алкоголь өнімдерін сатудың 226 дерегі анықталды. Тәртіп бұзушыларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабы бойынша (Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу бойынша талаптарын бұзу) әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жинақталған құжаттар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Бұл орайда алкогольдік өнімдерді кешкі сағат 23.00-ден таңғы сағат 08.00-ге дейін, ал спирттің көлемдік үлесі 30%-дан асатын алкогольді сағат 21:00-ден бастап сағат 12:00-ге дейін сатуға тыйым салынғанын айта кету керек.
Талаптар сақталмаған жағдайда құқық бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабымен әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Алкоголь өнімдерін сату барысында уақыт шектеулерін сақтамағаны үшін жеке тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 40 айлық есептік көрсеткіш, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 80 айлық есептік көрсеткіш, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, алкоголь саудасына лицензиясы тоқтатылады.