Қызылорда тұрғыны палау ішіне телефон жасырып, қамаудағы досына өткізбек болды
Қызылорда тұрғыны палау ішіне телефон жасырып, қамаудағы досына өткізбек болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 қараша күні сағат 17:10-да Қызылорда облысы ҚАЖД-ға қарасты № 68 республикалық мемлекеттік мекемесінде (тергеу изоляторы) сәлем-сауқаттарды қабылдау бөлмесіндегі бақылаушы қызметкерлері тағы да тыйым салынған затты тауып, тәркіледі. Мекеме қамауындағы сотталғанға келген азамат Samsung телефонын политэтилен пакетке орап, палаудың ішіне жасырып, өткізбекші болған.
Алайда жазаға тартылған досын жарылқамақшы болған азаматтың тағамға жасырған тосын сыйын сәлем-сауқаттарды қабылдау бөлмесіндегі бақылаушы қызметкерлер Балғазы Қасымбеков пен Мақпал Келесова бірден аңғарып, тәркілеп алды.
Қамаудағы азамат ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігімен сотталған. Ал досына телефон әкелген Қызылорда қаласының 25 жастағы тұрғынының үстінен аталған факті бойынша хаттама толтырылып, ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабына сәйкес, іс-құжаттары процессуалдық шешім қабылдау үшін Қызылорда қалалық әкімшілік сотына жолданды.