Қызылордада ардагерлер мен тәртіп сақшылары марапатталды
Қызылордада мерекелер қарсаңында ардагерлер мен тәртіп сақшылары марапатталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
6 мамырда Қызылорда облысының ПД-де 7 мамыр Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында салтанатты іс-шара өтті.
Ұйымдастырылған шара барысында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Тұрғымбаевтың құттықтау хаты оқылды.
– Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс Күні мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан ардақты ардагерлерімізге лайықты құрмет көрсету өскелең ұрпаққа парыз. Қаншама жылдар өтсе де, соғыс жылдарында елі мен жерін, ұрпағының болашағын қорғаған, Отанға бейбіт өмірді тарту еткен, қан майданда от кешкен ержүрек жауынгерлердің ерлігі ұмытылмайды. Батырлық пен жанқиярлықтың жарқын үлгісін көрсеткен ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін! Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тыныштық болсын!, – деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан.
Жиын барысында Ішкі істер министрінің бұйрығымен “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен Штаб басқармасының бастығы Арғынбай Іздібаев, ІІ дәрежелі “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгісімен Қызылорда облысы ПД Жаңақорған ауданы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Айбол Жолдасбаев, Анықтау басқармасының аса маңызды істер жөніндегі анықтаушысы Әзілхан Ерназаров марапатталды. Сонымен қатар, мерзімінен бұрын “майор” шенін Криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі полиция капитаны Ғани Мұханов алды.
Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Тұрғымбаевтың бұйрығымен 10 қызметкер марапатталса, Департамент бастығының бұйрығымен 13 ардагер, сондай-ақ, өз қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көзге түскен 30-ға жуық қызметкері марапатталды. Бұдан бөлек, 30 қызметкердің мерзімінен бұрын тәртіптік жазалары алынды.