Қызылордада бейнекамералардың көмегімен жол ережесін бұзған жүргізушілер анықталды
Қызылордада бейнекамералардың көмегімен жол ережесін бұзған жүргізушілер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2 мамыр күні сағат 22:50 шамасында Қызылорда қаласындағы орталық көшелердің қиылысында үш автокөлік Тасбөгет кентіне қарай бағыт алу барысында жол жүру ережесін бұзып, жол кептелісін жасаған.
Аталған құқық бұзушылық жедел басқару орталығының бейнекамерасына түсіп, тиісінше жедел түрде патрульдік полиция бекеттеріне бағыт-бағдар берілді. Полиция қызметкерлері оқиға орнында болған үш көліктің жүргізушілеріне қатысты әкімшілік шара қолданды.
Оның ішінде, Ваз-2107 автокөлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 5-бөлігімен, 593-бабының 1-бөлігімен хаттамалар толтырылып, құжаттар жинақталып, сотқа жолданды. Mercedes автокөлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабының 1-бөлігімен хаттама толтырылды. Ал, BMW көлігінің жүргізушісіне 593-бабының 1-бөлігімен және 615-бабының 1-бөлігімен хаттамалар толтырылып, әкімшілік шара көрілді.
Талдау көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі – жылдамдық режимін сақтамау және қозғалыстың қарсы бағытына шығу. Осы ретте Қызылорда облысының полиция департаменті жүргізушілерден өзінің және жол қозғалысының басқа да қатысушыларының қауіпсіздігі үшін жол ережесін қатаң сақтауға шақырады.