Қызылордада біреудің көлігіне зақым келтірген қаскүнем құрықталды
Қызылордада біреудің автокөлігіне зақым келтірген ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 ақпан күні Қызылорда қалалық Полиция басқармасына облыс орталығының тұрғыны арызданды. Ол қаңтар айында техникалық қызмет көрсету станцияларының біріне жөндеуге қалдырған «Хюндай Акцент» маркалы автомобилінің қозғалтқышына белгісіз біреудің әдейі құм құйып, зақымдағанын жеткізді. Материалдық шығын шамамен бір миллион теңгені құрайды.
Полиция қызметкерлері өткізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ұсталды. Ол 1992 жылы туған қала тұрғыны болып шықты.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 202-бабының 1-бөлігімен (Айтарлықтай залал келтіріп, бөтеннің мүлкiн қасақана жою немесе бүлдiру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.