Қызылордада бірнеше мәрте ұрлық жасаған ер адам 5 жылға сотталды
Қызылордада бірнеше мәрте ұрлық жасаған ер адам 5 жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың маусым айында Қызылорда қаласының орталық көшелерінің бірінде кетіп бара жатқан азаматшаның қалтасынан құны 89 мың теңге тұратын ұялы телефонын жұмыссыз қала тұрғыны жасырын жымқырып, оқиға орнынан бой тасалап кеткен. Сол күні қылмыс жасаған бұл азамат қаладаға ірі сауда орталықтарының бірінде тағы бір азаматшаның 65 мың теңге ақшасы салынған әмиянын ұрлап кетеді.
Қылмыстық әрекеттерін одан әрі тоқтатпай, ол шілде айында қала тұрғынына тиесілі велосипедті қолды еткен.
Полицейлермен жүргізілген тексеру барысында бірнеше ұрлық деректеріне қатысы бар әккі ұрының бұрын сотталғандығы белгілі болды.
Орын алған ұрлық деректері бойынша полицейлермен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілді. Тергеп-тексеру нәтижесімен күдіктінің кінәсі толығымен дәлелденіп, қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды.
Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 6 қыркүйектегі үкімімен бірнеше мәрте ұрлық жасаған айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің пайдасына келтірілген шығын толығымен өндірілді.