Қызылордада екі сотталғанның жазасы бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды
26 шілдеде қауіпсіздігі барынша төмен ЗК-169/4 мекемесінде екі сотталғанның жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылуына байланысты «Қақпа алдында кездесу» әлеуметтік жобасының аясында азаматтарды шығарып салу шарасы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz
Шараға қалалық пробация қызметінің аға инспекторы С. Спанов, Қызылорда қалалық оңалту орталығының психолог маманы З. Бисекова, қалалық Жұмыспен қамту орталығының маманы Ә. Жақсылық және ЗК-169/4 мекемесінің қызметкерлері қатысты.
Жоба аясында мамандар бұл азаматтарға босатылғаннан кейінгі сотталғанның тұрмыстық және жұмысқа орналасу жөніндегі құқықтары мен міндеттерін түсіндірді. Босатылған соң жұмысқа орналасуы үшін керекті құжаттар тізімі, жұмыспен қамту бөлімінің мекенжайы көрсетілген жадынама берілді. Босатылған азаматтармен одан әрі олардың тұрғылықты мекенжайына байланысты пробация есебіне қойылып, олармен пробация қызметкерлері жұмыс жүргізеді.
– Бүгін мен үшін қуанышты күн. Өйткені отбасыма, балаларыма оралғалы тұрмын. Мекемеде жазамды өтей жүріп, бостандықтың қадірін түсіндім. Ендігі жерде балаларыма дұрыс тәрбие беріп, жақсы азамат етіп шығаруға бар күшімді саламын. Бүгінгі шарадан сала мамандарынан ақпарат алдым, жұмысқа орналасу, әлеуметтік-құқықтық көмектер алу үшін қай жерге баруға болатынын білдім. Мекеме қызметкерлері мен қажетті ақпарат берген мамандарға алғысым шексіз, – деді сотталған.