Қызылордада есептегі 14 сотталған тұрақты жұмысқа жолдама алды
Қызылордада бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқан 14 сотталған тұрақты жұмысқа жолдама алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық прокуратурасы мен қалалық пробация қызметінің ұйымдастыруымен қалалық жұмыспен қамту орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған 18 азамат жұмыс іздеуші ретінде қатысты. Бос орындар жәрмеңкесінде «Қызылорда Тазалығы», «Қызылорда су жүйесі», «Қызылорда автобус паркі» тағы басқа да жұмыс беруші мекемелерден бос жұмыс орындары ұсынылды. Нәтижесінде пробация қызметінің есебінде тұрған 14 азамат жұмысқа орналасуға жолдама алды.
– Есепте тұрған сотталғандарды жұмысқа орналастыру – олардың құқық бұзушылықтар мен қайта қылмыс жасауларының алдын алу шараларының бірі. Есептегі азаматтарға жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әлеуметтік-құқықтық, заңгерлік, медициналық, психологиялық және тағы басқа көмек көрсетеміз. Сондай-ақ қалалық жұмыспен қамту орталығымен сотталғандарды жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлік негіздері курстарына оқуларға жіберу секілді жұмыстарды атқарып келеміз. Қазіргі таңда қалалық пробация есебінде 500-ден астам азамат есепте тұр. Осы азаматтардың арасында 12 сотталған тұрақты жұмысқа орналасты. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрғандарды жұмыспен қамту мақсатында Қызылорда қаласы әкімдігінің қаулысымен 50 жұмыс орнының квотасы бекітілген. Есептегі жұмыссыз 18 адам квотамен жұмысқа орналасты. Алдағы уақытта да есептегі жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін осындай жәрмеңкелерге қатыстырып, жұмыс табуына ықпал етеміз, – деді қалалық пробация қызметінің бастығы Даулет Садуақасов.