Қызылордада көші-қон қызметі өкілдері шетелдік студенттермен кездесті
Қызылордада көші-қон қызметі өкілдері шетелдік студенттермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде шетелдік студенттермен көші-қон басқармасының басшысы мен қызметкерлерінің кездесуі өтті.
Жиынды Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнура Бурибаева ашып, студенттер мен қонақтарға жылы лебізін білдірді. Ол университетте түрлі елден келген жастардың білім алып жатқанын атап өтіп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, көші-қон заңнамалары туралы түсіндіру жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында көші-қон басқармасының өкілдері шетелдік студенттердің Қазақстан Республикасында болу ережелері, тіркеу, виза мерзімін ұзарту және көші-қон заңнамаларына қатысты маңызды ақпараттармен бөлісті. Сонымен қатар студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.
Мұндай шаралар шетелдік студенттердің құқықтық мәдениетін арттырып, олардың Қазақстандағы оқу және тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған.
