Қызылордада куәлігінен айырылған мас жүргізуші тағы да рөлге отырды
Қызылордада куәлігінен айырылған мас жүргізуші тағы да рөлге отырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті сақтау, көшелерде, қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу, жолын кесу және жедел ахуалды сауықтыру мақсатында облыс көлемінде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
17 наурыз күні Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудандағы жолдардың бірінде жол ережесін бұзған жеңіл көлікті тоқтатқан. Құжаттарын тексеру барысында жүргізушінің көлікті құжатсыз және ішімдік ішіп басқарғаны белгілі болды.
Мас жүргізуші өткен жылы сот шешімімен жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды.Тәртіп бұзушы полицияға жеткізіліп, ал көлік айып алаңына қойылды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.